Өмір

Бұл бетте «Өмір» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өмір туралы өлең берілген.

Өмір деген мәңгі жол,
Қайтпас қайсар қозғалыс,
Қиян асу, қарлы бел,
Қиынына төз,
Қарыс.
Сойдақ тісті аңғарда,
Су гүрілдеп жар салар,
Шаршап-талып барғанда,
Азан-қазан қарсы алар.
Маза бермес,
Білемін,
Тынымға өзі зар мекен,
Қозғалыссыз бір орын,
Бұл әлемде бар ма екен?
Өмір — майдан мәңгілік,
Келіс, мейлі, келіспе,
Не тартады тағдырың,
Жеңіліс пе,
Жеңіс пе?
Жүзінен қан тамшылап,
Қанжар қалса шарт сынып,
Қасарыста қансырап,
Құлап түссе мәрт жігіт.
Бас амандық —
Тілегін
Тосады оған қай мекен?
Қантөгіссіз бір орын
Бұл әлемде бар ма екен?
Өмір — ән ғой мәңгілік,
Тебіренте шырқалар.
Шабыт оты жандырып,
Көкірекке нұр толар.
Кейде ішектен үн шығар,
Қайғы-мұңнан өрілген,
Шаршар сонда жыршы да
Күйіп-жана беруден.
Жан тыныштық —
Тілегін
Тосады оған қай мекен?
Қайғы-мұңсыз бір орын,
Қозғалыссыз бір орын,
Қантөгіссіз бір орын
Бұл әлемде бар ма екен?!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері