Өлең, жыр, ақындар

Кәрілік туралы

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 14.04.2015
  • 1
  • 3
  • 40980
Бар болса білім,
Сен сөйле, тілім,
Жан менен дене бірінде.
Ойласаң, көңіл,
Өзіңе жеңіл,
Қайратың қалың күнінде.
Жас көңілде жарық бар,
Кәріде кемдік анық бар.

Не шықпас жастан,
Қайтпайды тастан,
Ізденуге күшің бар.
Сайрандап жүріп,
Сансызды біліп,
Қалыпсыз, қызық ісің бар.
Жастықтан қызық іс болмас,
Кәріде ақыл, күш болмас.

Қайратың қалып,
Ақылдан танып,
Кәрілік келсе басыңа,
Кәдірің кетіп,
Заманың өтіп,
Жан жуымас қасыңа.
Кәрілік деген жұмыс бар,
Артында таяу бір іс бар...

Азайып күшің,
Саудырап тісің,
Шалбардай болып бет кетсе,
От басын бермей,
Үй ішін көрмей,
Сүйегің қалып, ет кетсе,
Тізеңді бүгіп ие алмай,
Киімің жөндеп кие алмай...

Қуарып мұртың,
Суалып ұртың,
Түздегі қу бас жақтанып.
Тұра алмай жатып,
Былшылдап, шатып,
Өткен күнді айтып мақтанып.
Жарығың өшіп көңілден,
Кәрілік жаман өлімнен.

Қызарып көзің,
Езіліп сөзің,
Жастығың түсіп ойыңа.
Иекпен шайнап,
Тіліңмен айдап,
Жеген ас жұқпай бойыңа.
Ет жеген сайын қақалып,
Әз өлімге тақалып.

Бүгіліп белің,
Таусылып әлің,
Аяқ пен белің құрысып.
«Кәрі итім, шат»— деп,
«Сөйлемей жат»—деп,
Қатының кетсе ұрысып.
Өлмегенге қара жер,
Онан да өзің бара бер.

Қайғы емес қаза,
Болмаймын наза,
Ноқталы басқа бір өлім.
Туған жан өлмек,
Тағдырға көнбек,
Кімді алмайды бұл өлім.
Шал болмай-ақ өлейік,
Алла ісіне көнейік.

Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның –
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Байқамай шал боп қалмаңдар!


Пікірлер (3)

шынар

Шәкәрім Құдайбердіұлы авторы

Бекер

Мен осы өлеңді жаттадым

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Кәрілік туралы өлеңінің авторы кім?

Шәкәрім Құдайбердіұлы — осы өлеңнің авторы.

Кәрілік туралы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Кәрілік туралы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Шәкәрім Құдайбердіұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Кәрілік туралы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері