Меңiреу болу менiң iсiм бе

Бұл бетте «Меңiреу болу менiң iсiм бе» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Меңiреу болу менiң iсiм бе,
Мүжiген қаңқу –
миымда.
Жеңiсiм менен жеңiлiсiм де,
Мәлiм боп жатыр қиырға.
Қалтарыс маған қол емес екен,
Жалтарыс жанды сақтар ма?
Орыным – майдан, төбелес екен
Арпалыс жүрiп жатқанда.
Жарақатым көп елемей жүрген,
Жүректен қаным ақса да.
Ешкiмдi итке теңемеймiн мен
Өзiмдi қауып жатса да.
Жұдырық барда төбелесемiн,
Қашанғы күштi iркермiн.
Тұмсықтың қанын елемес едiм,
Жүректiң қанын сүртер кiм?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері