Жүрегiм, саған обал жоқ
Бұл бетте «Жүрегiм, саған обал жоқ» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жүрегiм, саған обал жоқ,
Тула да жыла, сыздап бақ!
Ол қыздан мейiр саған жоқ,
Сезiмiн алған мұз қаптап.
Қырымнан қызыл көрiнсе
Қызынып талай шабылдың.
Қыруар қыздың көзiнше
Ғашықтың тонын жамылдың.
Мол едi сенде махаббат,
Мысқалдай шашып тауыстың,
Бiр бұлақ көрсең қаталап,
Бас қоя бере ауыстың.
Қызығып қырдың гүлiне
Қырғындай тиген, ашкөзiм.
Қарашы ендi түбiңе
Қалып па титтей пәк сезiм?
Кеудемде жүрiп адассаң,
Жүрегiм, саған не жорық?
Аяусыз соттан Ар ашқан
Кетермiн бiр күн мен өлiп.
Арымнан сұра жансауға,
Тидi ғой тасқа маңдайың.
Бақытсыз ғашық болсам да
Бақытсыз ақын болмайын!
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі