Қияли өлең

Бұл бетте «Қияли өлең» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған поэзия туралы өлең берілген.

Аспанның түбi – құрдымда
Ай туды сүтi төгiлiп.
Телмiре қарап тұрдың да
Жыладың кенет егiлiп.
Күмiсiн шашып табақ Ай,
Қылаңытқанда сай-жылға.
Қамыға қалып қарадай
Қайырлап кiрдiң қай мұңға?
Жыладың үнсiз,
Жыладың,
Жабырқау, жадау жүзбенен.
Жүректегi асау бұлағың
Жүгенделдi ме мұзбенен?
Қос көлдiң бойы – кемерден
Қара орман кiрпiк сiлкiндi.
Жыладың үнсiз.
Төбеңнен
Толғана қарап түн тұрды.
Көз сап ем мен де Ай – қызға,
Бұзылды көңiл қаймағы.
Ақ жүзiн жасы айғыздап,
Жылап тұр екен Ай дағы...
«Жылама!» дедiм...
(Кеңес ол).
«Ие бол, дедiм, көзiңе...»
Сенi мен Айға емес ол,
Айтылған едi өзiме!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері