Целиноград

Бұл бетте «Целиноград» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қазақтың кең сахара даласында,
Толқыған мұхит егін арасында,
Көрінген көкке бойлап көркем қала
Көгілдір қарт Есілдің жағасында.
Бұлдырап көз алдына нан сағымдай,
Атамыз өткен бір кез аңсап ұдай,
Телегей тың
Өлкені түгел шолып,
Тұр қала алтын астық маршалындай.
Тұс-тұстан тебіреніп бейне бұлақ,
Құйылған көшесіне көңілдер шат,
Дулатып қырман-тойын салқын күзде
Қалады бір серпіліп Целиноград.
Риза боп астықты алқап кең далаға,
Ұшардай тағы алысқа қомдана ма?
Әлде бір шаруақор диханшыдай,
Келер жыл қамын ойлап толғана ма?!
Жайқалған молшылықтың бас қаласы,
Жастықтың жалын атқан жас қаласы,
Жасай бер Целиноград, Целиноград,
Елімнің алтын қойма астанасы.

1962.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері