Тракторшының әңгімесі

Бұл бетте «Тракторшының әңгімесі» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Келгенімде ең алғаш
Осынау дала тым сұлық,
Жүдеу тартып жалаңаш
Жатушы әлі қымсынып.
Әлі есімде, дәл бұдан
Тура сегіз жыл бұрын,
Саулап келіп салдық ән,
Түріп дала түндігін.
Бір ыдыстан су ішіп,
Сәні келмей астың да,
Жатқамыз бас түйісіп,
Бір шатырдың астында.
Түрлі тілдер тоғысып,
Түрлі мінез қауышқан.
Барымызды бөлісіп,
Тілегіміз табысқан.
Алғашқы адым, тың адым,
Әрине оңай болмады.
Дене тоңды, шыдадым,
Бірақ жүрек тоңбады.
Үскірік жел, долы аяз...
Құтырынған көк дауыл...
Үйренбеген дала, жаз...
Алғашқы айлар болды ауыр.
Жеңіл болса келем бе,
Қырдың желін жамылдым.
Жасырмаймын, әуелде
Днепрді сағындым.
Балалық шақ өткен жер
Түсе берді жиі еске.
Оным үшін сөкпеңдер,
Ошағын жұрт сүймес пе!
Өтті алғашқы қыс аттап,
Қаһарына көнбеппін.
Алды айқара құшақтап,
Алып қолы еңбектің.
Шат дүбірмен, қызумен
Жылдар сөйтіп сырғыды.
Сол бір дала жүзінен
Ғажапты көр, бұл күні.
Совхозымыз қаладай
Гүл құшағын ашты ерек.
Көше бойлап жағалай
Сап түзеген жас терек.
Саясында шатырлы үй,
Ауласында бақшамыз.
Дала бізге тартты сый,
Көрмегенге жақсы аңыз.
Алғаш бақыт дегенді
Таптым осы даладан.
Жандырып жас денемді
Бір қара көз қараған.
Қарай-қарай жүрдік те
Құрдық бір күн мәңгі одақ.
Білмедік пе, білдік пе?
Бақыт бізді алды орап.
Содан бері жүректі
Келеді ылғи аялап.
Бізді дағы түлетті
Оснау өлке — бай алап.
Осында алғаш жар құшып,
Алғаш бала сүйген жер.
Бұл даланың бәрі ыстық,
Еңбек алғаш иген жер.
Келсең, жолдас, сүйіп кел,
Соңымыздан ертеміз.
Барады өрлеп биікке
Біздің алтын Өлкеміз!

1962.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері