Дауыс берем
Бұл бетте «Дауыс берем» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Мейлі сен жазушы бол, мейлің ақын
Мейірін оқушының қандыратын.
Мейілі сен ғалым болшы аспанымда
Жұлдызын жаңалықтын жандыратын.
Мейлі сен басшы бол жұрт бағалаған,
Салмақтап сан сырларды саралаған.
Мейлі сен шахтер болшы шыңырауда
Жер астын көшеміздей аралаған.
Мейлі сен сауыншы бол сүт бұлағын
Сапырып сарқыратқан құт бұлағын.
Мейлі сен космостың перзенті бол,
Болаттан жаралғандай мықты жаның.
Болсаң да үлкен, кіші құрдасымсың,
Өзің де шежіредей бір ғасырсың.
Жасырар сенен бәлки ештеңем жоқ,
Білемін, ескі достай сырласымсың.
Көзіңді күнде алысқа тастағансың,
Қиын бір кезеңде де саспағансың.
Аялап отырғанда туған халқың
Әйтеуір кім болсаң да жақсы адамсың.
Сондықтан дауыс берем сен үшін мен,
Адамсың алдың жарқын, өрісің кең.
Адымда алшаң басып өз төріңде,
Әрқашан қарсы алайын жеңісіңмен.
Біліп қой, сенің даңқың — менің даңқың,
Шығарып отыр алға сені халқың.
Өзіңе қарап бойды түзетермін,
Айнымас бірақ осы берік қалпым.
Асығам мен де өзіңдей тез жетуге,
Бесігін келер күннің тербетуге.
Мен дауыс беремін, дос, тебіреніп,
Жауыздық болмау үшін жер бетінде.
Мен дауыс берем адал жүрек үшін!
Шыныққан сом болаттай білек үшін!
Мен дауыс берем әділ, парасатты
Ақыл-ой, ар-намыстың тірегі үшін!
1962.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі