Дәл осындай жар қымбат
Бұл бетте «Дәл осындай жар қымбат» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Өмір деген, достарым, шын бақытты сезгенің,
Болар кейде қуанып, кейитин де кездерің.
Өмір деген, достарым, өрлері көп биік құз,
Шығып соған сүрінбей, тік жүруге тиіспіз.
Бұл сапарға ылайым жалғыз шығу жарамас,
Әркім қалап өзіне теңін табар шамалас.
Бірін бірі жетелеп, демер дәйім бір бірін,
Қос көңілге куә бол туар небір нұрлы күн.
Бір біріне өмірде һәм салтанат, һәм көрік,
Бір біріне ақылшы, бір біріне жан серік.
Кейбіреулер оңбайды бір-бірінен мін терген,
Қаяусыз жас көңілдер шығар дәйім бір жерден.
Шын ұғысқан жүректер ұсақ мінді елемеc,
Қабақ шыту, сәл кейіс — асыл жанға тең емес.
Көзін сатқан әркімге қанша алысқа бара алмақ,
Көрсе қызар айнығыш сумаң көңіл оған жат.
Бір бірі үшін от-суға түсуге әзір жандар бар,
Жақындар-ау ондайға алыстағы армандар.
Ортақ сенім, ортақ ой — екеуара бір табыс,
Бір біріне қамқоршы, бір біріне сыр таныс.
Бірін бірі бөлу жоқ, бірге сауық құрады,
Бір бірінің жайларын айтқызбай-ақ ұғады.
Бірін бірі әманда қарсы алады жарқылдап,
Міне осындай жар қымбат, дәл осындай жар қымбат.
1962.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі