Нан туралы ой
Бұл бетте «Нан туралы ой» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жыр құйып өзімше өмір кесесіне,
Тұрам мен Тимирязев көшесінде.
Көтерген адам даңқын нанды тапқан,
Қаншама қуат жатыр осы есімде.
Қолыңнан не келмейді шіркін, адам,
Құдіретті асқан не бар бұл сырыңнан?
Дүниенің басқа сыры не тәйірі,
Табылған шақты ойласақ бір тілім нан.
Сол нанның арқасында бар алыптар
Бас иіп, туды небір жаңалықтар.
Бір тілім сол бір наннан басталды ғой
Ең алғаш әлемдегі даналықтар.
Демек, нан — адамзаттың ең тірегі,
Өткенді көз алдына келтіреді.
Нан — өмір, нанмен ғана байланысты
Жер үстін мекендеген ел тілегі.
Нан — тірлік, нан жоқ жерде жансыз өңір,
Болмас-ау, нан дегенде қамсыз көңіл.
Қойса да алтынға орап өн-бойыңды,
Ешуақыт сүре алмассың нансыз өмір.
Нан сені дүниемен таныстырар,
Айтшы, кім нанды немен салыстырар?!
Қай тілде сөйлесек де қай түкпірде,
Нан ортақ, нан адамды табыстырар.
Нан қажет көңіліңді жылытарға,
Нан күнде жетелейді Ұлы таңға!
Бір тілім нанды арман ғып сәл қиналған
Кез болған,
Халқымыз оны ұмытар ма?
Нан — қуат,
Сен тыңдаған алғаш жырдан
Жүректің пернелерін дәл бастырған.
Үзіліп бара жатқан өмір қылын
Бір тілім нан еді той жалғастырған.
Кім білсін, содан бақыт таралды ма?
Керегін әркім содан ала алды ма?
Сол нанды кейбір қолдар қалай қиып
Тастайды десеңші енді мал алдына.
Нансыз сол, адам қашан жетті арманға?
Нансыз сол, адам сірә, шаттанған ба?
Не жетсін, о достарым, тіршілікте
Тер төгіп еңбекпенен тапқан нанға.
Адал нан тапсаң сондай, ел-ананың
Алғысын алуға, дос, жарағаның.
Туған жер топырағын жарып шыққан,
Сүйемін өз елімнің қара нанын!
1963.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі