Даладағы концерт

Бұл бетте «Даладағы концерт» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көгілдір аспан мөлдіреп,
Ілулі тұрған айнадай,
Ышқынып қатты соңғы рет,
Моторлар тұрды сайрамай.
Сом болат алып кемелер
Тұрғандай тастап якорын.
Қозғалып баяу денелер
Келеді басып ақырын.
Секілді бір сәт үзген дем,
Тыншыға қалды сол алап.
Тек қана қоңыр жүздерден
Ыстық тер тұрды сорғалап.
Тыңдырып тастап істі бір
Рахатын содан табатын,
Үзіліс еді түскі бұл,
Жүректі жалғап алатын.
Машина үсті — сахна,
Сахна сырты сары алап.
Көк орман қонған жақынға
Егістің шетін жағалап.
Бір ғажап концерт басталды
Астында ашық аспанның.
Алдында суып ас қалды,
Жалындап жүзі жастардың.
Ақша бұлт бейне люстра
Жарқылдап тұрды төбеден.
Қайырған сонау құсты да
Қанатты ән күшті ең не деген!
Саңлақтар даңқы жайылған,
Осыны бір сәт қалады.
Нәзік ән, сырлы ән, айбынды ән
Даланы кернеп барады.
Би кетті бір кез, қызығып
Талай көз тапты теңдесін.
Құйқылжып сырнай сызылып,
Басқандай көңіл пернесін.
Тұрғандай бейне қол бұлғап,
Бидайдың алтын шашағы.
Қоңырқай жүздер жымыңдап,
Бәрі де бір жас жасады.
Көшені қайта жылжытты
Мықты қол бекем тастан да.
Сыпырып тастап бір жүкті
Денелер ширақ басты алға!

1963


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері