Осынау көз қарасың
Бұл бетте «Осынау көз қарасың» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Байтақ егіс алабын
Комбайнмен бір құшып,
Таң сәріден даланың
Желіменен жұлқысып,
Қайтқанымда, алдымнан
Орамал ап шығасың.
Сәбиді ұстап қалғыған,
Қолыма су құясың.
Тамақ тосып бөгелмей,
Демімді алған санайсың.
«Қажыдың-ау» дегендей,
Үнсіз маған қарайсың.
О, сүйіктім, жаз лебі
Жанарыңнан есіп тұр.
Қандай ыстық, назды еді
Көз қарасың осы бір.
Көңіл шіркін, көл енді,
Алдың солай сен күтіп.
Шаршап келген денемді
Жібердің ғой сергітіп.
Түскендеймін соны ізге,
Өзіңнен көз ала алмай,
Бір ай Қара теңізге
Барып қайтқан адамдай,
Жасарып жан жадырап
Мейіріңе бөленер.
Іште бір от жалындап,
Осындайда өленер.
Жөнсіз артық қыйылмай,
Бабымды сен табасың.
Жарты әлемнің сыйындай,
Осынау көз қарасың!
1963
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі