Еске алу
Бұл бетте «Еске алу» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ақ шыттан шапан киіп суылдаған,
Ақ жентті жағалауға сығымдаған,
Ақ Ертіс жатты жым-жырт қарсы алдымда,
Толқынын толқып қуып шұбырмаған.
Әлде сол қымтанатын келді кезің,
Әлде сен амалсыздан көндің өзің,
Қалыпсың құндақталып мұз бесікте,
Ертісім, қайда кеткен өр мінезің?
Бұрынғы асау кейпің білінбейді,
Сіресіп жатсың, белің бүгілмейді.
Ақ боран жар-жар айтып жалыққандай,
Сыпырып айданыңды гуілдейді.
Ызғарың ішті жалап үндетлейді,
Үқ мұны, сын деп мейлі, мін деп мейлі.
Жас талдар жағадағы жалғызсырап,
Өзімен өздері әлек, дірдектейді.
Жалыңа қол тигізбей тулаушы едік,
Арындап ала қашып зырлаушы едік.
Төсіңде шақғы тепкен жігіт, қыздар...
Ой салды көрінісін мынау сенің.
Бір кезде асыр салып осылардай
Жүруші ем мен де өзіңді басынғандай.
Жүруші ем балдай тәтті қызық теріп,
Бала үміт айдыныңа шашылғандай.
Қасымда қос тұлымы желкілдеген
Жүретін бір қара көз елпілдеткен.
Біріміз бірімізді көзден таса
Қылмаушы ек, бірақ еш сыр шертілмеген.
Әлде сол жатқандықтан мұз жалаңдап,
Әйтеуір жүретін біз алаңдап.
Біріміз тайып кетсек бірімізге
Қол ұшын беруші ек қызараңдап.
Ертісім, еске салдың соны міне,
Мейлі сен жігіттің бұл желігі де.
Жатырсың баяғыдай, бірақ ол жоқ,
Ұқсаған тоғайыңның елігіне.
Амал не, балғын іс бір болған ағат,
Не пайда, күттім кейін жолға қарап.
Қол ұшын енді берсең, айрылмас ем,
Қайдасың, қайдасың сен сол махаббат?
1963
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі