Тың өлкеде туыппын
Бұл бетте «Тың өлкеде туыппын» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бөленіп таң буына,
Тың өлкеде туыппын.
Қыр көлінің суына
Бетімді алғаш жуыппын.
Еңбекке алып жолдама,
Тың өлкеде туыппын.
Әлдилепті кең дала,
Аймалапты суық күн.
Ойды өрбітіп өрінен
Тың өлкеде туыппын.
Қызығымдай көрінген
Қыр қаңбағын қуыппын.
Гүлін теріп даланың
Тың өлкеде туыппын.
Татып өмір шарабын,
Тұңғыш сонда күліппін.
Бар жақсысын үйіпті
Жарқын қазақ ауылы.
Бойға жігер құйыпты
Даланың өр дауылы.
Жаз жайлауын көрікті
Жылда көріп қайтамын.
Байтақ дала беріпті
Байтақ көңіл, байтақ үн.
Тың жолдардың торабы
Үйретті анық басуды.
Силапты ғой бораны
Жауға деген ашуды.
Естен кетпес сол кезең,
Тілеп мықты саулықты,
Ағынды өзен, өр өзен
Батылдыққа баулыпты.
Мол егіннің зырлаған
Толқындарын қуыппын.
Жыр шабытын силаған
Тың өлкеде туыппын.
1962.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі