Қолыңды бер, жарқын жылдар

Бұл бетте «Қолыңды бер, жарқын жылдар» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қолыңды бер, жарқын жылдар
Шақырып тұр алысқа.
Жарқылдаған жұбымызды
Жазбайықшы, қалыспа!
Келші, құрбым, Ұлы дүбір
Керуенге өрейік.
Бар адамзат арманының
Інжулерін терейік.
Бұл керуен әсем сазды ән,
Құйқылжыған күй менен
Жайма-шуак мөлдір көңіл,
Ақ жүректер тиеген.
Еру үшін Ұлы көшке,
Сыналар бұл көзіміз.
Үкілейік алдыменен
Өзімізге өзіміз.
Сәл де болса көңілімізден
Табылса бір көлеңке,
Бермей-ақ қой сен қолыңды,
Мен де ертейін, сен де ертпе.
Өзге қамын ойламастан
Өзім десең, ал егер,
Онда, құрбым, ермей-ақ қой,
Өз бетіңмен қала бер!

1962.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері