Ренішім мен шаттығым
Бұл бетте «Ренішім мен шаттығым» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Енді сол, достым, заман жоқ
Еленбей жүрер жүз мінің.
Өмірге келсең адам боп,
Өзің ал қолға тізгінін.
Өзгенің түспей ізіне,
Өз үнің шықсын саңқылдап.
Өзіңнің қарап жүзіңе,
Өзіңмен талас жарқылдап.
Сенбеймін, адам өз ырқын
Билей алмайды дегенге.
Көрмесе соны көз, шіркін,
Қоспасақ соны өлеңге.
Өмірдің өзі-ақ силайды
Реніші менен шаттығын.
Естігем жоқ деп мұндайды,
Бұл сөзден қайсың таптың мің?!
Өмірдің көп қой белесі,
Кей сәтте көңіл толмайды.
Не десең, достым, о деші,
Ренішсіз өмір болмайды.
Ренжимін, біреу біреуге
Жапсырып жатса жаманат.
Ойқастап өтсе бір кеуде
Әлде кімге өзін бағалап.
Ренжимін кейде баладай,
Кей мыйлар шала піскенге,
Кей досың кетсе қарамай
Басыңа бір іс түскенде.
Ренжимін, келген мейманды
Силаса шенін, құр атын.
Ренжимін, көрсем кей жанды
Пайдасын ойлап тұратын.
Ренжимін кейде мектептен
Келсе де балам екі алып.
Ренжимін кейде текке өткен
Уақытқа әр не маталып.
Өмірдің көп қой белесі,
Кей сәтте көңіл толмайды.
Не десең, достым, о деші,
Ренішсіз өмір болмайды.
Не тәйір ондай кемістік,
Тұрғанда құйып бақ нұрын.
Не тәйір ұсақ реніштік,
Жатқанда шалқып шаттығым.
Түйісер біздің өмірде
Қуаныш жолдың торабы.
Қуаныш құсы көңілге
Ұя сап күнде қонады.
Қуанам, жарқын мақсаты,
Туып бір қалса жыр тосын.
Қуанам, тарап жақсы аты,
Мақталып жатса бір досым.
Қуанам, жасқа, дәм берсең,
Үлкеннің сөзін тыңдайтын,
Жылы бір жүзді жан көрсем
Танымаса да сыйлайтын.
Қуанам, тату, сәнді үйге
Жарастық тапса қос көңіл.
Қуанам жақсы ән, күйге
Сауықпен өтсе кеш небір.
Қуанам, балам мектептен
Көңілді қайтса бес алып.
Еңсесі биік көкпен тең
Ауылым жатса жасарып.
О, достым, берік ұсташы
Алқызыл туын Лениннің.
Қуанам, сөздің қысқасы,
Ұлылығына елімнің!
Нұрланшы, көңлім, нұрланшы,
Қырандай шабыт қалқыса,
Не тәйір реніш бір тамшы,
Теңіздей шаттық шалқыса!
1962.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі