Күлкісі балалардың тыйылмасын

Бұл бетте «Күлкісі балалардың тыйылмасын» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақ бала, қара бала, сары бала,
Қысады бауырына бәрін ана.
Анаға бәрі бірдей, бәрі қымбат,
Тілейді ол тек баланың бағын ғана.
Ақ бала, сары бала, қара бала,
Сүйкімді, сондай ыстық бәрі анаға.
Ей, топас, шіренген сэр,
«Ақ, қара» деп,
Жүрегін жас баланың жаралама.
Өтінем, баланы өйтіп қорламашы,
Айықпас оңайлықпен жан жарасы.
Тілсіз-ақ ұғар еді-ау бірін-бірі
Бас қосса жер шарының бар баласы.
Тумайды бала бірден залым болып,
Көзіне қан аралас жалын толып.
Тумайды іштен бәрін біліп бала
Дүниенің бар сырлары мәлім болып.
Тумайды атомшыл боп бала жастан,
Аяғын ол алдына қарап басқан.
Жұлдыздар шақырады оны көкке,
Аялап алақанын жаяды аспан.
Тумайды ол соғыс тілеп, зар күн тілеп,
Тумайды ол болса екен деп алдым түнек,
Өмірдің сәулесіне қол созады,
Өмір деп лүпілдейді балғын жүрек.
Көлбеңдеп күнде алдыңнан жүз өтеді,
Ол кейде қабағыңды күзетеді.
Ата-ана, тағдыры оның қолдарында,
Сендерге ол қарап бойын түзетеді.
Не екенін білмейді әзір көңіл қайғы,
Мүлтіксіз айтқаныңды орындайды.
Дулаған балалардың шат күлкісі —
Секілді Симфония өмір жайлы.
Әлемде осынау бір күй ырғасын,
Осы бір күлкі мәңгі тыйылмасын.
Пәк көңіл жайнай берсін күншуактай,
Күлкінді тый деп ешкім бұйырмасын.

1963


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері