Қуаныш

Бұл бетте «Қуаныш» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ей, адам!
Шын өмірдің сырын білсең,
Құй түсін, құй түсінбе тілімді сен,
Қуаныш бәріңе ортақ қасиет қой,
Шіркін-ай, бәрің ылғи күліп жүрсең.
Ей, адам!
Жөнің жоқ қой жаңыларға,
Күтіп тұр қуанышты таңың алда.
Бәріңе жер үстінің тірлігі ортақ,
Тірліктің қуанышсыз сәні бар ма?!
Тағы да бір қуаныш келген ізгі,
Шығарып тастады бір белге бізді.
Мақтаныш,
зор махаббат елге деген
Көтеріп бара жатыр кеудемізді.
Ей, адам!
Бір біріңді күндетпегін,
Аялау жердің даңқын міндеттерің.
Космоста Юрий салған даңғыл жолмен
Ашты олар көне тарих тың беттерін.
Ертең-ақ бүгініміз ескіреді,
Кім бұрын мұндай шақты естіп еді!
Космосқа жақсылықты сөуіп қайтты
Қос батыр, біздің елдің қос жүрегі.
Қалайша қуанбаспын,
тым алыстан
Келді ерлер Космоспен сыр алысқан, —
Жаманға жорымаңдар,
о, достарым,
Көзіме жас іркілсе қуаныштан.

Август, 1962


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері