Бар әлем майдай құлпырар

Бұл бетте «Бар әлем майдай құлпырар» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Айтылмай қалған бар ма сыр?
Ертеде жұртым зарланды...
Сарғая күткен сан ғасыр
Адамзат осы арманды.
Тындырмай түк те бұл құдай
Жайымен қалды жылыстап.
Сайратып күнді бұлбұлдай
Отырмыз міне уыстап.
Жақын кеп бізге сол арман,
Қол ұстап, көрді көзіміз.
Бақыттан тұтас жаралған
Не деген мықты ек өзіміз!
Жеткізген елді мұратқа
Ертегі қалды жайымен.
Сілтедік қолды жыраққа,
Сырлас та болдық Айыңмен.
Дүние беті ыластан
Келеді күнде шайылып.
Ақыл, ой, ардың ұласқан
Қанаты кетті жайылып.
Капитал көксау ah ұрып,
Күн жақын, әлі-ақ жоғалар.
Қаруын солдат лақтырып,
Үйіне мәңгі оралар.
Ғажайып сол бір күндерде
Барша жұрт бізге ынтығар.
Бар тілек сайып бір жерге,
Бар әлем майдай құлпырар!

1961


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері