Кей күндері, білесің бе, туысқан

Бұл бетте «Кей күндері, білесің бе, туысқан» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кей күндері, білесің бе, туысқан,
Көңілсіз боп қайтам неге жұмыстан?
Қайтам кейде сәл түйіліп қабағым,
Адамша бір әлде кіммен ұрысқан.
Жоқ, жоқ, жолдас, ұрыспадым ешкіммен.
Бұл заманда ондай әдет ескірген.
Ұрыс, жанжал, қақтығысу, шекісу
Дегендерді білмей-ақ сол өстім мен.
Мен тек қана айтып едім шындықты,
Түсінгісі келмей-ақ оның, булықты.
Сол сәтінде-ақ оңай шешіп тастайтын
Сәл нәрсені кейінгіге сырғытты.
Кейбіреу бар дамылы жоқ, тынбайды,
Айналаңда ұршықтай боп зырлайды.
Көбік сөзді көп мәжіліс кей күнгі,
Шіркін, қымбат уақытыңды ұрлайды.
Мен ешкіммен түйіспедім, туысқан,
Тек білгейсің, шындық өткір қылыштан.
Күнделікті ісім тынбай қалса егер,
Көңілсіз боп қайтам, сөйтіп, жұмыстан.

1963


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері