Ол мәңгі жасайды
Бұл бетте «Ол мәңгі жасайды» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Мұхтар Әуезов қаза болғанда)
Апырмай, күңіренген бұл қандай үн?
Жаутаңдап жалғызсырап тұрғандаймын.
Суреттен ғана көріп тұрар болдық
Енді Оның қазыналы күн маңдайын.
Түсіріп қапылыста шеңгеліне,
Қайғының қара бұлты төнгені ме?
Қазақтың көгіндегі бір күніміз
Шынымен жұлдызша ағып сөнгені ме?
Тұрмыстың бұзып-жарып небір торын,
Тірлікте іздемеген жеңіл орын,
Аға еді Алатаудай арқа сүйер,
Бір тұтас дәуір еді-ау өмірі оның.
Уа, жұртым, бұл қайғыңа шек келер ме?
Ол туған көз жасыңды төкпе жерге.
Кім сенер? Сену қиын, еш сенбейміз,
Мұқаңды ортамызда жоқ дегенге.
Ей, ажал, құр бекерге масайрама!
Жас қауым, жасампаз ел, жас ой барда,
Орын ап көңіліміздің ең төрінен
Ол мәңгі өз жұртымен жасайды алда!
28-июнь, 1961
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі