Терек ұшы мұнарланып
Бұл бетте «Терек ұшы мұнарланып» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Терек ұшы мұнарланып
Бұлдыр тартып барады.
Жылжып келіп көк шымылдық
Жапты тұман қаланы.
Бүркеп бәрін, тұнжырап кеп
Табиғатқа басынды.
Қарай-қарай жүретұғын
Тауды көзден жасырды..
Сенің дағы тұманданып
Кетті көзің бір ауық.
Қайта-қалай қарап оған
Бар аңсарың тұрды ауып.
Үйіріліп қалғаныңды
Сезбедік сен өзің де.
Тек бір ұшқын жасыра алмай
Ойнақшыды көзіңде.
Әлде нендай мақсатпен ол
Отыңды үрлеп жандырды.
Жылтыраған сыртқы пішін
Әлде есіңді тандырды?
Көзден бәрін таса қылған
Тұман әлі-ақ ашылар.
Ұйтқып өткен көңілің де
Толастап бір басылар.
Сабырлықпен сұра сонда:
«Шын сұлулық қайда?» деп.
Құпияңды неде болса
Көзбен де айтып жайма тек.
1962
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі