Бiр жас сыншыға

Бұл бетте «Бiр жас сыншыға» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Мен білемін, мен білемін»
Деп кеудеңді қағасың.
Өзіңе өзің сүйсініп сен,
Содан рахат табасың.
Одан-бұдан жиыстырған
Тек цитаттар жаудырып,
Іші қуыс бос ыдыстай
Сының тұрар саудырап.
Селт өткізер шынайы ойдың
Тіпті сонша аздығы,
Үрлеп қалсаң ұшып кетер
Үлпілдектей мазмұны.
Тиянақсыз пікірлерің
Тал шыбықтай бұралған.
Ұстатқызбай бұлаңдайды,
Дәл қайсысы шын, жалған?
Адамзаттың бар ақылын
Сиғызғандай басыңа,
Атасың тас ізгіліктің
Шегінен тыс асыра.
Тым асқақтап жоғарыдан
Қарайсың сен дүрбімен.
Сүртіп алшы, дүрбіңнің сол
Шынысы сәл кір білем.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері