Тілек

Бұл бетте «Тілек» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жыл келді, тағы бір жыл, бірден өстім.
Мұндайда шалқымас кім, түрлемес кім?!
Тағы әркім өз әлінше жүк арқалап,
Көп тұрмыз етегіне бір белестің.
Кеп тұрмыз көңіл ұқсап көк теңізге,
Ширақпыз, алқыну жоқ өкпемізде.
Алаңдап қимай, шіркін, қайта-қайта
Қараймыз мақтанышпен өткен ізге.
Қаншама қимасақ та қалды бұ да,
Бұдан да жарқын жыл бар алдымызда.
Аялар бізді небір жақсылықтар,
Жеткенше сонау алыс нәрлі құзға.
О, жылым!
Бұл жолы да тегін келме,
Сыйыңды тек аямай өмірлі елге.
Күй болып күмбірлетші домбыраны,
Ән болып ұялашы көңілдерге.
Жаудырып жаңаны орыс, қазағыңа...
Ау құрып Аралымның сазанына,
Жайқалшы егін болып дариядай,
Қайнашы құрыш болып қазанымда.
Сенеміз, өң-бойына тағылмас мін,
Жанымды жылытшы деп жалынбас кім?
Бірауық махаббат болып ұйтқып өтші,
Жүрегін билеп нәзік қарындастың.
Зердеге ой тұтатып бай әсермен,
Далама қала болып жайғасар ма ең?!
Кім білсін, әлде өжет космонавт боп,
Апарып келермісің Айға сәлем!
Сүңгіші жер астына болып кенші,
Жатсынбай бал-бұл жанып гүлдеп келші.
Ұрығын сеуіп тағы қуаныштың,
Бөлмеме тасқындаған жыр боп енші.
О, жылым!
Қанжарыңды қайрамашы,
Тіксінбей дүниеге жәй қарашы.
Бәрінен тыныштықтың самалы боп
Желпіші, жердің бетін аймалашы!

Декабрь, 1967


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері