Лениннің солдаты
Бұл бетте «Лениннің солдаты» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Бір қарттың аузынан)
О, қайран жас күн,
Еңсемді бастың.
Жатушы ем өксіп далада.
Қысылып өскем
Кетер ме естен?
Тар еді онда замана.
Дүние ылаң,
Секілді тұман
Түнеріп ылғи тұрушы ед.
Күнде ұрыс-қырғын,
Аңындай қырдың
Қаңғырып түзде жүруші ек.
Қатыгез заңын
Баяндап бәрін,
Уақытты бөлем несіне?
Тек өзім сезем,
Өткен бір кезең
Қалып ед мәңгі есімде...
Бір байдың залым,
Баққан ем малын.
Көп жылдар өтті, көп тегі.
Менімен құрдас,
Желіккен жел бас,
Бар еді соның тентегі.
Соққы жеп байдан,
Қажыдым ойдан,
Ылаж не, шыдап көнетін.
Ұлы да сұмның,
Көтеріп мұрнын,
Соқтығып тие беретін.
Жалынам кімге?
Малменен бірге
Сүмеңдеп ұзақ жүгірдім.
Шаңқ етті үн өктем,
Алқыныл өкпем,
Әлсіреп тағы жығылдым.
Аяр ма жендет,
Қалып әд сермеп,
Дыз етті арқам жалаңаш...
Сырылдым шетке.
Атылды көкке
Қан менен кегім аралас.
Тіл қатпай жүрдім,
Булығып бір күн,
Бүркітше төндім қаталға.
Бойлап қан қызып,
Тұмсығын бұзып,
Кегімді ап, зыттым шаһарға.
Табылмай жұмыс,
Бос саппақ жүріс,
Арада нелер күн өтті.
Кез болды бір жан,
Секілді зындан,
Түн еді қара түнекті.
Түстім бе торға?
Тани кетті ол да
Баяғы байдың ұлы екен.
Жандарымды ертіп,
Ұстауға серт қып,
Мені іздеп сұмдар жүр екен.
Қас жауым кекті,
Жармаса кетті.
Жарқ өтті бір от жағымнан.
Жүрексіз, жансыз
Сонда екі арсыз,
Төніп кеп маған жабылған.
Бай ұлы күліп,
Шеңгелдеп бүріп,
Кездігін сермей бергенде,
Бұзылды түрім,
«Қалам ғой тірі»
Деген ой сонда келген бе?
Тойымсыз тажал,
Арсылдап ажал
Ашқандай болды аранын.
Төбеттей түнгі,
Қарқылдап тұрды,
Жандарым көзеп нағанын.
Сол мезет, қанжар
Қадалды тасқа,
Тапанша кетті жерге ұшып.
Жауларым бірақ
Еденде сұлап,
Жатқанын көрдім жер құшып.
Қарасам, ұрған
Денелі бір жан,
Ашулы кек бар түсінде.
Мінекей ғажап,
Болыппын азат,
Өңім бе, әлде түсім бе?
Туыстай тегі,
Тұрғызды мені
Жымиып келіп әлгі адам.
«Кім едің — дедім —
Мұншама тегін
Өмірді маған сыйлаған?»
Білекте күш мол,
«Солдатпын — деді ол —
Лениннің өзі жіберген.
Қалды ғой жақын,
Естіліп шат үн,
Ашылар аспан түнерген.
Қайғыру болмас,
Бас көтер, жолдас!
Келеді нұрлы самғап күн!»
«О, Ленин» деппін,
Аттанып кеттім,
Бірі боп мен де солдаттың.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі