Райнис зиратының басында
Бұл бетте «Райнис зиратының басында» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Білдің бе сен, бір кезде отты жырларың
Сан тілдерде сауық-сайран құрарын.
Білдің бе сен, сол ұйқыңды күзетіп,
Қазақ ұлы қасыңа кеп тұрарын.
Өз еліңнің аңсап азат күндерін,
Бізге мәлім, тар қапаста жүргенің.
Кең даламда Абаймен бір есімің
Жатталарын, әрине, сен білмедің.
Білдің бірақ, буржуаның күйрерін,
Өткір тілді өңменінен түйредің.
Жыр семсерін қайрап халық кегіне,
Әділдікті өрге қарай сүйредің.
Жұмысшының қызу құйып қанына
Ұмтылдырдың бостандықтың таңына.
Адамдықтың арын ту ғып көтердің,
Жырларыңды орап от пен жалынға.
Озық ойың өз қалауын көздеді,
Озбырлыққа өжет жаның төзбеді.
«Күн жылытса дүниені, жұмысшы
Құрсын, дедің, өз өмірін өздері».
Тірлігінде маңдайыңнан нұр жанбай,
Өтіп едің жан сусының бір қанбай.
Зиратыңның басындағы ескерткіш
Үмітіңді жалғастырып тұрғандай.
Білдің бе сен, О, ұлы ақын, жырларың
Қазіргідей сауық-сайран құрарын.
Білдің бе сен, талантыңа бас иіп,
Қазақ ұлы қасыңа кеп тұрарын?!
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі