Даугава жағасындағы ой

Бұл бетте «Даугава жағасындағы ой» атты Аманжол Шамкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ой салып, болдың азық қанша жырға!
Кім білсін, сүйсіндің бе, тамсандың ба?
Мәрмәрдай ақ көрпеңді тас бүркеніп,
Даугава жаттың үнсіз қарсы алдымда.
Амал не, жасап тұр қыс үстемділік,
Секілді көктен құлап түскен бұлыт,
Даугава жаттың жым-жырт, білем бірақ,
Тулайсың, бұрқылдайсың іштен тынып.
Көтердің сонау бір кез сан ай сынды,
Жай тауып жасырарсың қалай шынды?
Сеземін, күрсініп дем алғандайсың,
Тіл бітсе айтар ең-ау талай сырды.
Есіңде шығар әлі ауыр шағың,
Сапырған отты жылдар дауылдарын.
Лайлатпау үшін мөлдір толқыныңды
Жанымен жапты-ау сені бауырларым!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері