Достық кеші
Бұл бетте «Достық кеші» атты Аманжол Шамкенов жазған достық туралы өлең берілген.
(Вецумниеки мектебінің оқушыларына арнаймын)
Көктем еді, кетпеген қыс ызғары...
Сәл кешігіп қалыппыз-ау біз дағы,
Сонадайдан тұрды қарсы ап, жалаңбас
Тоңып қалған латыштың ұл, қыздары.
Айнала қар, айнала әппақ мамықтай,
Жас ұландар тұрған күтіп жалықпай,
Бізге қарай тұра ұмтылды дуылдап,
Құлақ шымшыр аязыңды дарытпай.
Құшағымыз гүлге толды, тасыдық,
Ұландардың шат жүздерін асығып,
Бауырымызға қысып жаттық аймалап,
Тоңғандарын тұрса да олар жасырып.
Аздан кейін...
Ортақ тілдер табылды,
Көңілімізде достық оты жағылды.
Жатқа соқты бір қыз Жамбыл жырларын,
Айтты бірі қазақ әнін кәдімгі.
Жан толқытар ыстық лебіз төгілді,
Өтіп жатты бір қызық кеш көңілді.
Мынау шақрақ — жағасында Балтықтың
Өзіміздің үйіміздей көрінді.
О, жас достар!
Ертең бәрін әр шетке
Ұшарсыңдар асып арман, тілекке.
Бірақ осы көштегі бір лаулаған
Достық оты жанар мәңгі жүректе.
1962
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі