Менің өмірім
Бұл бетте «Менің өмірім» атты Аманжол Шамкенов жазған өмір туралы өлең берілген.
(Дастан)
Әр сөзі салмақты әрі таза алмастан,
Жарқ еткен «Правдадан» көз алмастан,
Отыр ем ой шырағын алаулатып,
Құмартып, қызықтырып ғажап дастан.
Есіме түсті кенет өткен ақын
Өмір деп өксіп бойын жаза алмастан.
Жоқ шығар онда жазық,
мүмкін оның
Көңілінің көз әйнегін тозаң басқан.
О, ақын Сұлтанмахмұт,
кең даланың
Өріндей, әлі есімде толғағаның.
Тартысып өмірдің әр толқынымен
Жыр болып ағыл-тегіл сорғаладың.
Көре алмай арманыңның көк жиегін,
Көп қалап жөнді бірін қолдамадың.
Торығып өтіп ең-ау, ақын аға,
Мен бүгін басқаша енді толғанамын.
Мен ақпын, мен әділмін, мен адалмын,
Өмірден өз орнымды ап, бағаландым.
Жарқылдап жаңғырықтым, жылым жарқын,
Өткенге ұқсамайтын жаңа адаммын.
Не қыйлы тар кезеңде, әр кезеңде
Елімнің кәдесіне жарағанмын.
Жындарын қаққым келіп тұрады ылғи
Көлгірсіп көзін сатып қарағанның.
Ол қарас — сөзі сұйық әлсіздікі,
Екі жүзді,
бұлаң құйрық мәнсіздікі.
Ол қарас — өзімшіл бір кердең иық,
Адамдық қасиеттен қамсыздікі.
Ол қарас — өзгелердің шын бақытын
Күндейтін қуыс кеуде жансыздікі.
Ол қарас — жатып сорар жұрт еңбегін,
Оты жоқ зердесінің, шамсыздікі.
Ондайлар өзім ғана толсам, дейді,
Өзі екпей өзгенікін орсам, дейді.
Бақыттың бұтағына елпен барып,
Баянды бұлбұл болып қонсам, дейді.
Реті көп қалған жерде бір көрініп,
Әйтеуір бастыққа жақ болсам, дейді.
Сағалап өмірдің сай, жылғаларын
Жағалап пайдалыны торсам, дейді.
Осы жай еміс-еміс білінбес пе,
Қауым да сырт айналып түйілмес пе!
Шаңыңдай доңғалақтың ондайларды
Тастау жөн ілестірмей Ұлы көшке.
Халықтан тасалану қиын шығар,
Жел соқса бұлттың шеті түрілмес пе?
Ұмытып зәредей де алмаспыз-ау,
Ондайдың аты-жөнін, түрін де еске.
Тамырым терең кеткен мен күштімін.
Бітірсем ғажайып бір істі бүгін,
Ойлаймын ертеңгіні, алдағыны.
Менде жоқ сыртқа шықпас ішкі сырым.
Бұл күнде жер-жиһанды кезген шарлап,
Менің өр дауылпаздай ұшқыр үнім.
Туғаннан өрлеудемін биіктерге,
Өмірдің өзіме тән құштым гүлін.
Мен берік, ұстамдымын, ақылдымын.
Жатқа жат, татулыға татулымын.
Танимын қиядан-ақ жаза баспай,
Кім алыс, кімнің маған жақындығын.
Тиісті өз елімнің меншігіне
Аз ба көп, арқамдағы татыр жүгім.
Кешегі жау отына кеуде тосқан,
Бар менің қажет болса батырлығым.
Өзгеше нұр себеді жазым бүгін,
Көтермес елге лайық назымды кім?
Көкте күн, жерде менің өшпес атым,
Замана шежіресінде жазулымын.
Біреудің тек қана әлсіз жағын көріп,
Сүймеймін, қудалап, я қазуды мін.
Момынмын, ал біреулер жолдан тайып,
Азса егер мытып түсер азулымын.
Мен ақын, мен жұмыскер, мен ғалыммын,
Жинаған жүрегіне ел жалынын.
Қиналар еш жайым жоқ жөн таба алмай,
Не керек?
Қолда жұмыс, қолда білім...
Еркімде не тілеймін, не қалаймын,
Бәрін де қадыр тұтам жолдағының.
Бұл енді елес емес, көрінді алдан,
Естимін нұрлы күннің зор дабылын.
Мен доспын ниеттеске жақын жолдас,
Менде ешбір қол қусырып жату болмас. -
Қызғанып біреулердің қызығына
Сыртынан ала көзбен ату болмас.
Шайлығып қаймығатын еш жөні жоқ,
Жүрегім ешуақытта запы болмас.
Кезсе де жұмыр жердің қай түкпірін,
Ақ жанын жайып келсе жаты болмас.
Мен келем жақсылықты теруменен,
Менде жоқ отандасты бөлу деген.
Сұм ойдан қиянатшыл мен аулақпын,
Нақақтан көзімнен жас төгілмеген.
Ешбір күш айыра алмас, мен біргемін,
Мен мәңгі етенемін елімменен.
Кім білсін, сол себепті болар бәлкім,
Көңілге оралады көңілді өлең.
Мен атақ, мен даңққа бас ұрмаймын,
Кеуде ұрып мен ешкімге басынбаймын.
Ойымнан не бойымнан ақау шықса,
Алдымен өзім ашам, жасырмаймын.
Ғажайып ертегідей әр сағаты,
Әр дайым қарсы алады ғасырдай күн.
Кім менің гүл бақшама қолын сұқса,
Төбеден түсетін жай тасындаймын.
Менде бар жаңа кәсіп, жаңа дарын,
Тарихтың бетін тағы жаңаладым.
Жер шарын айқыш-ұйқыш лентаға орап,
Космосты ауылымдай араладым.
Қол бұлғап шақырып тұр нұрлы дүние,
Жол тура өн бойындағы бағананың.
Әр уақыт әсем жырдай өміріме
Қандай мін айтыңдаршы, таға аламын?!
Көзім жоқ өр қырандай серпілмеген,
Көлемін шаттық күйін шертуменен.
Қожамын өз елімде өзіме өзім,
Жоқ менің әдетімде қорқу деген.
Қашанда болмақ емес екі аралық,
Маған жат, «Ол қалай?» деп толқу деген.
Лениннің өзі ұстатқан туы қолда,
Шыңдарға шығандаймын сол туменен.
Ақ ниет идеяның күрегімін,
Елімнің арқа сүйер тірегімін.
Тіміскіп, сенбей менің құдіретіме
Мұхиттың ар жағында үреді кім?
Қыртысын келешектің қопаратын
Сом болат мен соқаның түренімін.
Қаймығып қалт етпейтін қайда қойса,
Қысқасы, мен партия түлегімін.
Жасаймын, өмір гүлі солмасын, деп.
Жасаймын, ақ жүректер тоңбасын, деп.
Жасаймын, сумаңдаған жылмақайдың
Жұрнағы арамызда болмасын, деп.
Жасаймын, адамды адам туыс көріп,
Барша жұрт бірін бірі қолдасын, деп.
Жиырма жыл, не тәйірі, жетіп қаппыз,
Жасаймын, нұрлы заман орнасын, деп.
Талайды дүниеде көріпті адам,
Мен бүгін бақыттыммын, ерікті адам.
«Тұтқасын тағдырыңның өзің ұста»
Деп Елім беріп отыр сеніп маған.
Құлағын тас бекіткен қас болмаса,
Жан бар ма бұл әлемде мені ұқпаған.
Көріңдер,
Ей, жарандар!
Коммунизм
Дейτұғын Үлкен үйге еніп барам.
Бұл үйдің һәм сәулетті шаңырағы,
Бар арман, бар жақсылық табылады.
Жақсы пәк, мөлдір, таза адам еркі
Ар-ождан, ақыл-ойға бағынады.
Қаяусыз құйқылжыған күй-көңілің
Ақиқат, әділдікке табынады.
Сол күнге жетсем деймін мен тезірек,
Сол шақты жүрек аңсап, сағынады.
Тілейді әлем менің өсуімді,
Ойлайды шет дұшпаным өшіруді.
Тұншығып қала берер соғысшылдар,
Айтарым ондайларға: «Өшір үнді!»,
Достарым, мен дегенім сенсің, бәрің,
Ол — біздің ұрпағымыз осы күнгі.
Ал, кеттік аялдамай, дабылдатып,
Сүймеймін барар жерге кешігуді.
1961
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі