Қан құю станциясындағы қолтаңба

Бұл бетте «Қан құю станциясындағы қолтаңба» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Әбдiкәрiм Ахметовке

Дәрiгер бүгiн тағы да
Болғаннан кейiн құйып қан.
Ақынның келдi жанына
Әзiлдей күлiп миықтан:
– Сұрланып келiп едiңiз,
Нұрланып, мiне, тұрдыңыз.
«Жасарып қалдым» дедiңiз,
Бiз онда сiзбен құрбымыз.
Жаздырсын жарқын өлеңдi
Құйдырған жаңа қаныңыз.
Тағы бiр рет...
Ал ендi,
Қолтаңба бере салыңыз...
– Мен дайын!
Қолын бұлдар кiм?..
Бiр қарап қалам ұшына,
Созды ақын қолын
Журналдың
Қыз нұсқап тұрған тұсына.
– Қолтаңба маған сөз емес,
Сен үшiн берем қолтаңба.
Қойды ақын қолын
Өзi емес,
Дәрiгерлер жазған сол «томға»...
Қалжыңдап жатыр:
– Ал құрбым,
Тойыңа барам жақында...
Жетер ме күшi аурудың
Қолтаңбасы бар ақынға!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері