Жырыммен жұбатайын

Бұл бетте «Жырыммен жұбатайын» атты Тынышбай Рақым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бiр жылылық бар ма едi күз демiнде?..
Ән кеттi ме тырнаның тiзбегiнде?..
Терек үнсiз тұнжырап қалған шақта
сен менi iздедiң бе?..

Қырау қабақ қытымыр қыс келгенде,
аймақ түгел ақ суық түске енгенде
жылына алмай жүрегiң, дiр-дiр етiп,
есiңе түскен – мен бе?..

Көктем жеттi, түлеуде бүткiл мекен,
кiрпiгiңе iлiнiп шық тұр ма екен?..
Жыл құсымен бiрге кеп қалар-ау деп,
сен менi күттiң бе екен?..

Тiршiлiктiң осы бiр бал шағында
iңкәр сезiм мөлдiреп моншағыңда,
кеудеңдегi алауды баса алмастан,
сен менi аңсадың ба?..

Жастығыңды булыға жастандың ба,
түнердi ме қабағы аспанның да?..
Қарашаға ұласқан қазан айын
қамығып еске алдың ба?..

Түстi ме еске сондағы бұла қайың,
сол қайыңдай деп тұр ма ең бүр атайын?..
Мен көзiңнiң кермектеу жасын жұтып,
жырыммен жұбатайын…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері