Тәттілігі татима тамсануға?

Бұл бетте «Тәттілігі татима тамсануға?» атты Тынышбай Рақым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тәттілігі татима тамсануға?
Кеттім екен арман боп қайсы аруда?
Мен қыздардың көзіне ғашық болдым,
Ғашық болып алдымен Ән салуға.

Сондықтан да тым ерте ғашық болдым -
Алабұрттым, алқындым, асып, толдым.
Сезімге еріп сиқырлы, кезім келіп,
Ауылынан күдіктің қашық қондым.

Мені күтіп сол ма еді көз ілмеген?
Сол болар деп жаныммен сезінген ем.
От па мені күйдірген, шоқ па мені -
Не болғанын білмеймін өзім де мен.

Шыққанында сарғайып таң белеңге
Шымырлайды шырын саз жан денемде -
Сенбеймін мен ән салған сәттерімде
Менен артық ғашық та бар дегенге!

Ғашықтықтан жүрегім жанды-ау менің,
Көңіл құсын қондыршы самғау белім!
Асық қылған бір жаққа, Ғашық қылған
Аялдай тұр, Көктемім - Ән дәуренім!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері