Түйіндеу

Бұл бетте «Түйіндеу» атты Тынышбай Рақым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен сенемін!
Тартқанмен жаным күйік, —
түбі менің шығатын тауым биік.
Аңқам кеуіп жүр қазір аңызақтан,
тұр ол жақта керемет жауын құйып.

Ерте жетсем деп бірақ асықпаймын,
арнасынан жатса да асып қайғым.
Өмір кейде өксітіп көргенімен,
жігерімді мұқалтып, жасытпаймын.

Аңқам кепсе, — жырым бар шөл басатын,
тірлігіме тамыр боп жалғасатын.
Жарық дүние заңы сол, — о бастан-ақ
болмаған ғой қайғысыз, болмас ақын.

Мысқал мұңым — бір бастың мұңы-дағы,
бүгін бұлтты күн — ертең шұғылалы.
Қайыспасын халқымның қабырғасы,
Елі үшін егілген ұлылары!..

Жұртпен жомарт, еліммен еңселімін,
қажет тұста жауына — семсерімін!
…Биігіме түбінде шығарады
мұң арқалап қайралған өр сенімім!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері