Көктем өтіп, қарсы алдым Жазымды айқын
Бұл бетте «Көктем өтіп, қарсы алдым Жазымды айқын» атты Тынышбай Рақым жазған табиғат туралы өлең берілген.
Көктем өтіп, қарсы алдым Жазымды айқын,
кетеді ұшып қайрылмай қазым қай күн?..
Жай-күйімді несіне жасырайын, —
жүрегімде бір дерт бар жазылмайтын…
Мүжиді сол жаныма бермей тыным,
«қош…» деуге де қала ма келмей тілім?..
Ертелі-кеш өлім хақ, оған дейін
кетсем деп ем Жыр жазып өлмейтұғын!..
Жүгінсем де жүйелі сөз арына
қалдым ба екен жақындап ажалыма?..
Ақын болу,— шынында бақыт шығар,
аз емес қой бірақ та азабы да.
Пешенемнің тарттым-ау азабын көп,
көп азаптан құтқарар ажалым кеп…
Жазығы жоқ бейшара жұдырықтай
жүрегімді улаппын жазамын деп…
Болсын мейлі, артым жар, алдым ұра,—
ренжітe алмаймын таңды мына.
Аялайды, өйткені, мені ерекше
Күн де,
Жер де,
Аспан да,— барлығы да.
Көктем өтті, мамырлап Жазым келді,
Жаз сыйлады қоңырлау сазымды енді.
Мәз етейін қолда бар мәзірге елді,
сыза бергей әманда қазым көлді.
Жаңа ұғындым жайқоңыр Жаздың парқын,
ел бағалап, айырар сөздің нарқын.
Кім біліпті, осынау ғұмырымда
өлмейтіндей бір Өлең жаздым бәлкім?..
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі