Бір бұйырар несіп пе ең

Бұл бетте «Бір бұйырар несіп пе ең» атты Тынышбай Рақым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір бұйырар несіп пе ең,
елестеттім бұрын кіл.
Көктембісің кешіккен, —
мұңлы гүлге — жырым нұр.

Сенен үміт шын күттім,
толқытар деп осы әнім…
Жұпарыңнан мұң жұттым,
мың жұттым да, босадым…

Айрылар ем еріктен,
жан — пәктігін ұқтырды.
Құшағымда неліктен
жанарыңа шық тұнды?..

Сырын үнсіз сезіндім,
мұндай көзді көріп пе ем?
Құшағыңда өзіңнің
тұрдым толқып неліктен?..

Жолығып тек қиялда,
ләззат кешпек жалғыз кім?
Енді өзгеге қиям ба
қадір түнін наурыздың?..

Жүзіңді мұң бүркеген
көріп, бәрін түсінгем:
Жүрегімнен нұр төгем
сендік ғұмыр үшін мен!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері