Сенің сыршыл мінезің мұз жібіткен

Бұл бетте «Сенің сыршыл мінезің мұз жібіткен» атты Тынышбай Рақым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сенің сыршыл мінезің мұз жібіткен,
шер тарқаттың шешіліп ізгі үмітпен.
Қызғанбай-ақ қой мені «Қырық қыздан»,—
мен өмірден дәл сендей қызды күткем.

Жөні бөлек қылықты қыз баланың,
сүйсінтеді әр басқан із-қадамын.
Мен сенемін сендегі қызғанышқа,
сондықтан ба,— өзімнен қызғанамын!..

Емес едім көр сезім, қуыс кеуде;
бақ та, сор да кешуі тиіс пенде…
Сен — Гүлсің ғой хош иіс,
жаралғансың —
аялауға,
сүюге,
иіскеуге…

Иіскеймін,
әріге бара алмаймын…,
не болады қосылса саған қайғым?..
Жұпарынан айырылып қала ма деп,
артыма да, алдыма алаңдаймын.

Құшсам, сүйсем — нұр жайнап құлпырар ма ең,
күдігіңнің ысырып бұлтын әрмен?
Аз ғана сәт көзімнен таса болсаң —
тағат таппай сен жаққа ұмтылам мен.

Жетелейді мені бір жалынды үміт,
иіскеуге жатпайсың жалындырып…
Жұпарыңа жан балқып, буын босап,
бара алмаймын әріге, әлім құрып…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері