Кім жүр аңсау кешіп менше

Бұл бетте «Кім жүр аңсау кешіп менше» атты Тынышбай Рақым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кім жүр аңсау кешіп менше,
жүрек жиі шаншулы.
Наз үніңді есіткенше
тағат шіркін таусылды.

Керемет күн,
керемет түн
өте шықты-ау басымнан.
Неге кеттім,
неге кеттім,
неге кеттім қасыңнан?..

Алаңсыз ем, күн бұзылды,
көкейге бір дерт қонды.
Сағынғаннан нұр жүзіңді
екі көзім төрт болды.

Сырымды сен түсінерсің,
сүртші сезім айнасын…
Көзімді ілсем — түсімдесің,
ояу жүрсем — ойдасың.

Жер бетінде сағынар шын
бір адамның болғаны
Бақыт шығар,
соны ұғарсың,
ей, мұңлы ақын арманы!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері