Қозы-Баян
Бұл бетте «Қозы-Баян» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Пластикалық үлгідегі әдеби-музыкалық қойылымның жаңа нұсқасы
Ескерту: Осыдан біраз жыл бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жасөспірімдер театрының сол кездегі режиссері Нұрқанат Жақыпбаев «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының желісі бойынша бүгінгі жас буынға лайықталған пластикалық үлгідегі әдеби-музыкалық қойылымды ойластырып жүргенін, мүмкіндігі болса, дастанның ықшамдалған нұсқасын қағазға түсіріп беруімді өтінген-ді. Бұл қойылым әуелі Алматыда, кейін Астанада бірнеше жыл бойы табысты қойылып келді. Қазіргі жай-күйінен хабарсызбын. Еш жерде жарияланбаған, негізінде диалогқа құрылған бұл нұсқаны сол қалпында аталмыш кітапқа енгізуді мақұл көрдім...
Айбас пен Қозының диалогы:
Айбас:
– Тілімді менің, Қозы, алмаймысың?
Әйтпесе, басқа қызды таңдаймысың?
Қайын жұрт айлық жерде алыс жатыр,
Ертерек қайыншылап бармаймысың?
Қозы:
– Айеке-ау, шақырттыңыз неге мені?
Ел айтса, Қозы неге бөгеледі?
Естіген бұрын-соңды сөзім емес,
Қайта айтшы, «қайын» деген немене еді?
Айбас:
– Көрмеген Жаратқанның жаманатын,
Әкеңнің айттым саған аманатын.
Қарабай берген серттен айнып отыр,
Қалыңмал қандыра алмай қанағатын.
Қозы:
– Адамның аласы бар, құласы бар...
Әркімнің жеме-жемде сыры ашылар.
Кәрі атам Қарабайдың одан өзге
Қоятын бізге қандай кінәсі бар?
Айбас:
– Қасында Қодар деген басбұзары,
Қарекең өзіне-өзі қас қылады.
«Қызымды қу жетімге бермеймін» деп
Ауруы күннен-күнге асқынады.
Қозының ариясы:
– Анасы ақ батасын бермей ме екен?
Қозысын атқа мінген көрмей ме екен?!
Қасына нөкерлерін ертіп алып
Баласы қайыншылап келмей ме екен?
Анашым, айтқаныма сенсең еді:
Бүгінде көл Баян деп теңселеді!
«Баян!» деп Балталының бар бұлағы,
Тау мен тас Баянды айтып жаңғырады!
«Баян!» деп жер-дүние атырабы,
Көк те анау Баян атын шақырады!
Айтпаған жан бар ма екен Баян атын,
Анашым, менен нең бар аянатын?!
Қозыңды «жалғызым» деп аярмысың,
Қолыңды бата беріп жаярмысың?
Мақпал:
– Баян деген көл бар еді, Құлыным,
Маңайында ел бар еді, Құлыным.
Арғы-бергі алты айшылық арасы
Баянкөлде нең бар еді, Құлыным?
Қозы:
– Көңілім жай таппайды көл дегенде,
Бал тәтті дәмін татпай емделем бе?!
Сол көлдің жағасында бір перизат
Ұқсайды қолын бұлғап «кел» дегенге...
Мақпал:
– Келсең еді сабырыңа, Құлыным,
Түссең еді қалыбыңа, Құлыным.
«Баян, Баян» дей бергенше, сөзімнің
Барсаң етті байыбына, Құлыным.
Қозы:
– Жасырмастан жайып салдым жайымды,
Жан анашым, сөзіңді айтшы қайырлы?
Баян, Баян, Баян деген жалғыз сөз
Күндіз күлкі, түнде ұйқымнан айырды.
Жан анашым, сөзіңді айтшы қайырлы?..
Мақпал мен Қозының дуэті:
Қозы:
– Жөн айтпайсың ақтарылып балаңа,
Сенікі де дұрыс шығар, жан ана...
Баян десе байыз таппай қу басым
Қайтер еді қаңғып кетсе далаға?
Мақпал:
– Жалғызымның жолын қалай кесермін?
Жаулығымды ақ жолыңа төсермін.
Жаппар ием екеумізге жар болғай..,
Жанға айтпаған жұмбағымды шешермін.
Қозы:
– Айт, айта түс, жан Ана!
Мақпал:
– Аспандағы Ай, сен боларсың мұңдасым,
Көктегі Күн, сен боларсың сырласым.
Жан балама ақтарайын сырымды,
Көл де тынып, жел де тынып тыңдасын.
Қозы:
– Айт, айта түс, жан Ана!
Мақпал:
– Сол бір күні... Көл жағасы... Ақ тоғай...
Түн ауғанша батпай тұрған аппақ Ай.
Баян мен Сен туып еңдер бір күні,
Тәңір ием екеуіңді сақтағай...
Қозы:
– Баян, Баян... Бақытымның бесігі...
Қандай әсем, әзіз еді есімі?!
Осы ма еді жүрегімнің қалауы,
Осы ма еді жұмбағымның шешуі?
Мақпал:
– Қос тамшыдай тамып түскен жүректен
Екеуіңнің дауысың бірге шыр еткен.
Әкең кетті арманына жете алмай
Екеуіңді қоссам деген тілекпен.
Қозы:
– Арғы жағы маған аян, Анашым,
Дей көрмеші «қайда кетіп барасың?»
Батқан күн бе, атқан таң ба? Кім білсін,
Кім қосарын Қозы, Баян арасын?..
Баян:
– Айтар болсам анығын,
Өзімді енді таныдым:
Қарабайдың ұлы емес,
Қыз екен ғой қалыбым.
Қызыл қамқа киейін,
Өртенейін, күйейін.
Кеудесіне батырдың
Басымды келіп иейін!
Арқамды тауға тірейін,
Кеудемді көкке шірейін.
Аттанған жауға батырдың
Тілеуін тілеп жүрейін.
Жыламайын, күлейін,
Ақбоз үйге кірейін.
Осы бір жолы Қозының
Кім екенін білейін...
Қарабай мен Жантықтың дуэті:
Жантық:
– Уа, Қареке, сүйінші, мал келеді!
Малмен бірге бір қауым жан келеді!
Жантық басым жастыққа тимей жүр ғой,
Жалғыз ғана Сізді ойлап қам жегелі...
Қарабай:
– Жантықпысың? Түгел ме? Малым қайда?
Түгел десең, жүрегім жарылмай ма?!
Жақын да жат, жау да жат малым жоқта,
Жалғыз сенсің жанашыр Қарымбайға!
Жантық:
– Жауды іздедік. Тау-тасты араладық,
Қодардың да аужайын шамаладық.
«Қайтқан малда қайыр бар» болғаннан соң,
Мың-сан малды мыңғырған санамадық.
Қарабай:
– Санамадық?
Бұл әзіл-оспағың ба,
Неменеге кеп тұрсың, босқа мұнда?
Артық малын алдына салмадың ба?
Қодарыңа Баянды қоспадың ба?
Жантық:
– Мал түгел, Қарекем-ау, Баян да аман,
Мал үшін, Баян үшін аянбаған
Бір оғылан келе жатыр еліңізге,
Бұл өзі деп жүрмеңіз қай оңбаған?..
Қарабай:
– Сенгенім қаңғыған сол бір бала ма?
Сенделіп кетпеймісің құр далаға?
Құдай-ау, батырдан да, пақырдан да
Тезірек құтылатын күн бола ма?..
Қодар және Қозы мен Баянның дуэті:
Қодар:
– Батырлар кезген жон қайда?
Әділ би салған жол қайда?
Ашу тарқап, кек қайтса,
Қол шешілер болмай ма?
Қозы:
– Айдалған малда айып жоқ,
Азабын Алла кешірер.
Байланған қолда байып жоқ,
Жазалы болса, кесілер!
Қодар:
– Түскенмен басым көгенге,
Жалқының ойы жатқа аян.
Жас батыр бұлай дегенде,
Сен не айтасың, ақ Баян?
Қозы:
– Ащымен ұйқы қашырып,
Тұщымен жүрек жалғадым.
Қай Баян бізден жасырып,
Қай Баян тілге алғаның?
Қодар:
– Сөзімді қашан бұлдадым?
Айтарым мынау көпке аян!
Аузыма алып тұрғаным –
Алдыңдағы анау Ақ Баян!
Қозы:
– Ертерек неге көрмедім
Көркіңді, батыр, бұла қыз?
Жарқыным, жаным, сен бе едің,
Анам бір айтқан жыр-аңыз?
Баян:
– Бәрі де бүгін Сізге аян,
Демеймін босқа бас қатыр.
Жаныңдағы мен – қыз Баян,
Жауымды жеңген жас Батыр.
Қозы:
– Жаңылсам өң мен түсімнен,
Алланың бар ма амалы?
Қап-қалың тұман ішінен
Адаспай шықсам жарады?!
Балалық шағым бірге өткен,
Кеудемнің шоғын қозғаумен.
Аспандағы Айға кім жеткен,
Қаншама қолын созғанмен?..
Жараққан ием, жайымды
Жазғыра гөрме бүгінгі:
Жасыра гөрме Айымды,
Өшіре гөрме Күнімді!!!
Жантық пен Қарабайдың дуэті:
Қарабай:
– Жау жағамнан алғандай,
Бөрі етектен шалғандай.
Қалың орман ішінде
Қара басым қалғандай.
Түскенімше молама,
Біреуің де жолама!
Жантығымнан өзге жан
Маған жақын бола ма?!
Қалмады сау-тамтығым,
Алар емес жан тыным.
Уа, қайдасың, Жантығым?
Уа, қайдасың, жарқыным?
Жантық:
– Жанның бәрін жақтырмаған Қарекем,
Жатқа малын бақтырмаған Қарекем.
(жұртқа қарап)
Маңдайына бақ біткенмен бес елі,
Таңдайына қақ тұрмаған Қарекем.
Қарабай:
– Жаратқаннан кейінгі
Ең сенімді адамым,
Айналайын, Жантық-ау,
Қайда ақыл, амалың?
Жантық:
– Жалғызым деп, Жантығым деп ұнатсаң,
Менің мынау сөздеріме құлақ сал:
Бұдан былай ашуыңды басасың,
Баяныңды жас батырға қосасың!
Қарабай:
– Өз ақылым – ақыл-ақ,
Кісі ақылы – шоқырақ.
Бар тапқаның осы ма,
Қарабайдай досыңа?
Жантық:
– Басқа амал да табылады, қаласаң,
Шын ауырлық шыдағанға жарасар.
Атан түйе көтере алмас салмағын
Оның құны... о, орасан, орасан!
Қарабай:
– Не айтсаң да шыдаймын,
Керек емес былайғың!
Құлдығымын Құдайдың,
Айт шыныңды, іркілме?!
Жантық:
– Ал ендеше, ақылымды ал, аянба,
Анау тұрған төбешікке аяңда.
Қолың жайып батаңды бер Қозыға!
«Қосағыңмен қоса ағар» де Баянға!
Қарабай:
– Не деп кеттің, Жантық-ау?
Естимісің, халқым-ау?
Жантық:
– Бір ананың бозтайлағы, бозымы –
Салтанатпен шығарып сал Қозыны.
Қарабай:
– Ал сонан соң?
Жантық:
– Жыл өткен соң қайта орал де қалыңмен –
Жасауыңмен, жабдығыңмен, малыңмен...
Қарабай:
– Ал өзім ше?
Малым ше?
Жантық:
– Тарт Бетпақтың жан баспаған шөліне!
Қодарды да ерт, қорған болсын еліңе.
Оның-дағы мәртебесін биіктет,
Оған-дағы уәдеңді үйіп-төк!
Қарабай:
– Қайран, Жантық, қарағым,
Ойға қонды амалың.
Кемтігімді түзедің,
Жыртығымды жамадың.
Жантық (өзіне-өзі оңашаланып):
– Әй, есуас,
Әй, ақымақ,
Әй, малғұн,
Сен де іліктің, сақалыңнан байландың!
Бетпақ емес, баттым деші былыққа,
Ту биедей түстім деші құрыққа!
Құлқыныңа құм құярмын уыстап!
Жантық қалай жақсылықпен туыспақ?!
Құм бораны көмейіңе құйылар,
Мың сан жылқың маған ғана бұйырар!
Құдай менің қылығымды кешірер,
Қарабайды жер бетінен өшірер!
Бұл Жантықтың осал емес қақпаны!
Бұл Жантықтың осы көрген-баққаны!
Баян:
– Ерімейтін мұз деп жүрген екенмін,
Жібімейтін тас деп жүрген екенмін.
Мал-мүлікке мас деп жүрген екенмін,
Өз қызына қас деп жүрген екенмін,
Кешір, әке, жалғызыңды кеше гөр...
Қозы:
– Ел қорғайтын білегім бар,
Жолбарыстай жүрегім бар.
Аппақ, уыз тілегім бар,
Асқар таудай тірегің бар.
Жаудан, жаттан қалқаныңмын,
Қасыңдағы қамқорыңмын.
Тереңіне батыра бер,
Керегіңе шақыра бер!!!
Қарабай:
– Ал, жарандар, тараңдар!!!
Баян:
– Қозы батыр, жолың болғай сенің де,
Бізден сәлем жеткізгейсің еліңе.
Жалғыз анаң қуанышқа бөленсін,
Жыл айналып Баяныңа келерсің...
Қозы:
– «Жыл айналып келерсің...»...
Алдымда тұр нелер сын,
Алынбай тұр нелер шың...
Баян:
– Екі етпейік әкеміздің байламын,
Аман болсын ауыл елі, аймағың...
Қозы:
– Қош болып тұр, құрбы-дос,
Көріскенше, көргенше,
Қозғалайын мен де, енше...
Күнікей:
– Мал бітеді баққанға,
Жал бітеді жатқанға.
Бізден сәлем айтқайсың,
Аяулы анаң Мақпалға...
Қозы:
– Қош, анажан... қош, Баян!..
Баянның ариясы:
Баян:
– Қара бұлт көкті торлады,
Қара күн қайта орнады.
Қара жер қайта қайысты,
Қара жел қайта сарнады.
Әбігер болған Баянның
Әдірем қалды арманы.
Қара бұлт көкті жапты де,
Қабағы күннің қатты де.
Қабарып таңым атты де,
Түнеріп күнім батты де.
Жалғыз да қалған Баянның
Көзінен жасы ақты де...
Әнге арналған мәтін
Баян:
– Ер шекіспей бекіспейді,
Екі жаққа кетіспейді.
Есең кетпес ешкімге,
Кешірдім де, кештім де.
Қозы:
– Болсын, Баян, қалағаның,
Алдым қолын жан ағаның.
«Ештен жақсы кеш» деген,
Ер бола ма кешпеген?!
Жантық:
– Қайран, сайран жастығым-ай?!
Жастығым-ай – мастығым-ай?!
Тай-құлындай тебіскен,
Кежірленбей келіскен!
(Күнікей, Таңсық, Жарқын келеді)
Қодар:
– Армысыз, шеше?
Күнікей:
– Жақсы болсаң, жаттығың жоқ,
Татулассаң, тәтті күн көп.
Ниеттерің ақ болсын,
Аққа құдай жақ болсын.
Жантық:
– Соны айтам-ау!..
Баян:
– Қуанышты суытпалық,
Осы күнді ұмытпалық.
Кәне, жолға шығалық,
Ойын-сауық құралық!
Күнікей:
– Айтқаның жөн болсын, Баян.
Қозы:
– Қолыңа құс қонсын, Баян.
Қодар:
– Кәне, жолға шығалық.
Жантық:
– Ойын-сауық құралық!..
Дуэт:
Жантық пен Қодар
Қодар (оңаша):
– Қым-қиғаш тағдыр қысқан бір сәтте бүйірден,
Саяқсып кеткен сабаз да мен ем үйірден...
Мен емес пе едім сахара кезген Көкбөрі?
Осы емес пе екен төбемнің көкке жеткені?
Жоқ, әлде, әлде... бәрі де мұның жалған ба?..
Жантық:
– Қолыңа өзі қонып еді қай құсың,
Осы ма еді жеткен жерің, байғұсым?
Қодар:
– Сиқырмысың,
сайттанбысың,жынбысың?
Табалауға тағы келіп тұрмысың?
Жантық:
– Сен емес пе ең серттескен?
Жарты жолға жетпестен
Айнығаның неткенің?
Қорлық емей немене
Қоңыз теріп кеткенің?!
Баян келіп қолыңа
Өзі қонар деп пе едің?
Намыс қайда, ар қайда?
Қодар:
– Тағы қайда бастамақсың, сұм неме?
Үніңді өшір!Үндеме!!!
Жантық:
– Жә, жә, тоқта,айтарымның артын бақ,
Батыр неден тартынбақ?!
Баян қызға – періште
Қол созғаның теріс пе?
Созған қолға сол арманың қонды ма?
Не айтайын сендей аңғал сорлыға?!
Не боп кетті, не боп кетті аяғы?
Зая кеткен ақылыма өкінем де, баяғы...
(Қодар қанжарын суырып, лақтырып тастайды)
– Дұрыс, дұрыс, қанжар сенің не теңің?!
Көрініп тұр көнбіс байғұс екенің!..
Қодар:
– Не деп кетті мына сұм?
Кім біліпті өтірігін, расын...
Не болмақшы бақа басқа секірсе?
Не болмақшы Жантық маған жекірсе?
Естімегі осы ма еді Қодардың?
Ерегессең, ертең атқа қонармын!
Жәке, Жантық, намысымды қорлама!
Менен оңай құтылмайды ол Бала!
Мәңгілік махаббат әуені:
Қозы:
– Ах, дүние-ай...
Жалғанды қимай жанарым,
Арманда кетіп барамын.
Есен бол, қайран, ел-жұртым,
Аман бол, ару Баяным...
Баян:
– Қозым да Қозым, Қозым-ай,
Өңіңнің аппақ бозын-ай.
Қалғып та кеткен бозымға
Қалам ба қолым созып-ай?..
Қозы:
– Жалғанда жалған, жалғанда
Арманға жеткен жан бар ма?
Сәлем айт аман қалғанға,
Сәлем айт атар таңдарға...
Жантық:
– Осы ма еді күткен күн?
Таусылып демі біткен күн?
Жаныңды кімге қиярмын?
Қаныңды кімге жүктермін?..
Қодар:
– Осы ма, Қодар, жеткенің,
Жазықсыз қанды төккенің?
Қанжарға ерік бергенше
Қаңғырып неге кетпедім?..
Баян:
– Жаным да тәнім бір жатсын,
Ып-ыстық қаным бірге ақсын.
Қара жер, қайран, Ана-жер,
Қайтейін, маған қымбатсың...
Жантық:
– О, жалған-ай, десеңші?..
Қодар:
– Арамза жеңді... Ар өлді...
Арбайды ажал әлемді...
Сұмырай жалған, сұр қанжар,
Басымды менің ал енді!..
Баянның ариясы:
Баян:
– Бәрі бітті
Бітті бәрі, не керек...
Отқа түсті,
Шоққа пісті
Көбелек.
Күн батқан соң кімдер бізді еске алмақ?
Таң атқан соң кімдер бізді елемек?..
Қайғы тапты қаңғып келіп иесін,
Осы ма еді өмірдегі үлесім?
Қош, риза бол,
Қош бақыл бол,
Көрпешім,
Баян келіп басын саған сүйесін.
«Бикеш» деген сөзің қалды құлақта,
Мөлдіреген көзің қалды бұлақта.
«Құрбым» деген үнің қалды жырақта,
Жапырақтай жаның қалды Жұмақта...
Хор:
– Жас кезінде кімдер кімді ұнатпас,
Шын сүйгендер мәңгі-бақи мұраттас.
Жел де,
Ел де
Желдей ескен заман да
«Махаббаттың мұнарасын» құлатпас!!!
25.03.2003 ж.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі