Жүрек-аспанымның жұлдызы

Бұл бетте «Жүрек-аспанымның жұлдызы» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір сұрарым мәңгі мендік бол, жаным.
Көкірегіме шаттық әні толғанын –
Білесің бе –
Сені көрген сол күні
Жүрегіме жүз көбелек қонғанын.

Құшағыма жаһан гүлін жинадым,
Жинадым да, саған жыр қып сыйладым.
Адамзаттың ақсұңқары тәрізді,
Аппақ екен, аппақ екен дидарың.

Сені көрген ғажайып бір сол күннен,
Ұйқы қашып, алауладым, жандым мен.
Көзіңдегі иірімге сүңгідім,
Сүңгідім де, шыға алмай қалдым мен.

Бір көргеннен көзімді алмай қарадым,
Өн бойымда тулай кетті сан ағын.
Төгілгелі тұрған шыққа ұқсайды,
Баурап алар жауқазындай жанарың.

Ақын жаны – мұхиттың ең көнесі,
Жүзеді онда махаббаттың кемесі.
Мәңгілікке болайықшы, жарқыным,
Екеуміз бір қорамсақтың жебесі.

Өлең болып сезімімнің өлшемі,
Ақ үмітім көтереді еңсені.
Қар астынан іздегендей сандалдым,
Бәйшешегім, тапқанымша мен сені.

Ғашықтарға арман – шекер, сағым – бал,
Әлем болып оларды әркез қорыңдар...
Менің жүрек-аспанымда
Жалғыз-ақ
Сен дейтұғын бір жұлдызға орын бар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері