Бозторғайлар құйқылжыта шырқар мың

Бұл бетте «Бозторғайлар құйқылжыта шырқар мың» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бозторғайлар құйқылжыта шырқар мың,
Сәйгүліктің шабысына іңкәрмін.
Тереземді ұрған тамшы тырсылы
Естіледі дүбіріндей тұлпардың.

Бабам кеше тарпаң еді, өр еді,
Нар бейнесі көз алдыма келеді.
Қыста боран ұйтқыса,
Жебенің
Ысқырығы еске түсе береді.

Өлең-жырым жүректің ақ құсындай,
Қайтіп ұстап отырайын ұшырмай.
Көз жіберсем көк мұз қатқан шыңдарға,
Елестейді көк найзаның ұшындай.

Қалың елдің алып бата-сауабын,
Ер еңсерген дәуірінің зауалын.
Жауды көрсе,
Қызыл көрген қырандай –
Дүр сілкінген батырлардың заманын
Сағындым!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері