Бұлттың мөлдір моншағы

Бұл бетте «Бұлттың мөлдір моншағы» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Зау биікке көзім салдым қызығып,
Ұлылығы сұлулықпен жарасқан.
Бұлт моншағы бытыр-бытыр үзіліп,
Мөлдір-мөлдір шашу шашты көк аспан.

Шаттанамын, шарықтаймын, тамсанам,
Көл бетінде шортан сынды шоршыған.
Алақанға жинадым да,
Мен саған,
Алқа тақтым күміс, кәусәр тамшыдан.

Көкірегіме қуат құйып тамшы-күш,
Өлеңіммен жар салам.
Көмейінен алтын төкті әнші құс,
Сол алтыннан сырға тақтым мен саған!

Бұл махаббат мәңгілікке ұласқан,
Жанарыңда шапағат бар, гүл, нұр бар.
Моншағыңа сыйып кеткен ұлы аспан,
Ал сырғаңа ұя салған бұлбұлдар!

Жұматайдай жырламайын мен неге,
Сезім бағы ұсынғанда жүзімін.
Шұғылаңды шаштың менің кеудеме,
Жүрегіме тағып алған жүзігім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері