Орамалын желпігенде сүйгенім

Бұл бетте «Орамалын желпігенде сүйгенім» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сезім деген – үмітіңе жылыну,
Шын ғашықтар дәмін білер шырын, у.
Қандай ғажап мынау ғазиз ғаламда,
Сені күтер жанның барын ұғыну.

Сезім деген – арманыңа кезігу,
Бір жанды ойлап, ояну һәм көз ілу.
Қандай ғажап мынау ғазиз ғаламда,
Сені күтер жанның барын сезіну.

Сұп-сұр қала көрінеді көркем боп,
Кешегі күн елестейді ертең боп.
Жер дегенім – алпауыт бір кеме екен,
Ал төбемде – аспан емес, желкен көк.

Күймес халде қызуына жалынның,
Сағаттан да жаңылдым.
Желді күні желбірейді жапырақ,
Жарасымды жаулығындай жарымның.

Жарқыратып жіберердей Жер шарын,
Жүрегімде жанды алапат шамша мұң.
Ақ қайыңның қабығындай ажарлы,
Ақ жүзіне ауды менің аңсарым.

Күндей күліп, сосын түндей торықтым.
Бір жадырап, бір қарадай қамықтым.
Көктен түскен тамшы тілін түсініп,
Шағаланың шаңқылынан ән ұқтым!

Сағынышым – тауда көшкін көшкендей,
Жан баласы ұқпас оны еш мендей.
Жел жүзіме жылы тиді
Сүйгенім
Орамалын желпігенде, ескендей...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері