Күзге қарап

Бұл бетте «Күзге қарап» атты Манарбек Қыдырбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Менің ішкі әлемімдей тұншығып,
Қарашада қалтырайды тіршілік.
Қара жердің ақ самайы терлейді,
Күннің күлгін сәулесінен қымсынып.
Менің жалаң сезімімдей сандырақ,
Ырғалады жапырақсыз тал-құрақ.
Тырналардың үзік жеткен үніндей,
Көкейімде құлазиды ән жылап.
Менің арам ойларымдай адасқан,
Қабақ түйіп, тұнжырайды көк аспан.
Қара қарға қарқылдайды тынымсыз,
Сыған кемпір секілденіп бал ашқан.
Менің күзгі көңілімдей сынық бір,
Солған гүлдер өп-өтірік күліп тұр.
Сол бір қыздың жанарындай жәудіреп,
Қарашықта қара өлеңім тұнып тұр...
Күзге қарап...

01.11.2016


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері