Арудың арындай ақ мамық

Бұл бетте «Арудың арындай ақ мамық» атты Манарбек Қыдырбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арудың арындай ақ мамық.
Аппақ қар жауып ед алаңға.
Қалды, әне, аңдаусыз тапталып,
Қап-қара ниетті табанға.
Сол бір сәт жұта алмай өз демін...
Шер жұтып, сетінеп күйінді.
«Кешір» -деп күнәсін өзгенің,
Тек іштей тәңірге сиынды...
...Тағы да қалықтап құлады,
Алланың жолдаған хатындай.
Ғайыпқа асығып жылады,
Аспанын аңсаған ақындай...
Түнерген аспан да құсалы,
Жауған қар жалғаннан жерінді.
Ақ қарға кәрі түн құшағы,
О неге сұп-суық көрінді...

29.10.2016.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері