Түс көргім келеді

Бұл бетте «Түс көргім келеді» атты Манарбек Қыдырбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзіңе қол созған үмітпен,
Періште сезімді жылаттың.
Жүрсең де басқамен күліп сен,
Мен сені сонда да ұнаттым.

Жүректің түндігін түріп кең,
Басқаның бағында гүл аттың.
Қайырылмай кетер деп біліп пе ем,
Орнатып көңілге бұлақ мұң.

Ып-ыстық жалындай сезіммен,
Бұрқанып теңіздей тасынам.
Құшқым кеп болаттай төзіммен,
Мың мәрте оқталып басылам.

Сыр ұғып қарақат көзіңнен,
Мен саған жетуге асығам.
Өңімде тілдеспей өзіңмен,
Түсімде арнадым ғашық ән.

Қиялдың көлінде табысып,
Аршын төс аққудай мүсінмен.
Тәп-тәтті ерніңнен бал ішіп,
Тек сені көремін түсімнен.

Таң ата тәтті түс ауысып,
Кететін құр елес пішінмен.
Тағы да мұңыммен қауышып,
Оянам сені аңсап ішімнен.

Түбі бір мен саған ұнармын,
Айым деп, күнім деп еркелеп.
Бүгінде көретін шығармын... ...
Cол үшін жатайын ертерек. ...
Түс көргім келеді!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері