Сары қыз

Бұл бетте «Сары қыз» атты Манарбек Қыдырбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сары қыз!
Сарғалдақ сезімдей гүл атқан,
Күлгені аумайтын бұлақтан.
Сары қыз...
Не түйдік осынау шақтардан,
Ниеттер ақ болсын ақ қардан!
Сары қыз...
Сөнбесін шаттығың санаңнан,
Айналдым ақ жүрек анаңнан.
Сары қыз....
Даламның жайқалған гүлісің,
Ақынның ең көркем жырысың.
Сары қыз...
Жамалың жұп-жұмсақ мақтадай,
Жырламай жүрмекпін, ах, қалай?
Сары қыз...
Бейкүнә, сүйкімді балапан,
Күлімдеп атса ғой жаңа таң.
Сары қыз...
Санамда сен мәңгі сақталдың,
Сырымды тек саған ақтардым!
Сары қыз...
Бұл өмір өткінші елес қой,
Жұлдыз да мәңгілік емес қой.
Сары қыз...
Біздер де кетерміз келмеске,
Ештеңе қалмайды-ау енді есте.
Сары қыз...
Тек сонда қалады бақта мұң,
Сарғайған жапырақ хаттарым...
Сары қыз…
Мұңайып, қайтеміз қамығып,
Қауышар күн тусын сағынып....
Өзіңе жетелеп апарар,
Әр сенім, әр үміт!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері