Сәлден кейін

Бұл бетте «Сәлден кейін» атты Манарбек Қыдырбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сәлден кейін.
Ай дидарлы, ару келбет барқыт түн,
Кәрі қала құшағына құлайды.
Қабағына қабат- қабат артып мұң,
Жертөлеге көлеңкелер сұлайды.

Оңды солды ағылады көліктер,
Саф ауаны түтінімен күйретіп.
Кеңселерден адам тектес «өліктер»,
Шығад үнсіз мүрделерін сүйретіп.

Қаңтардағы долы желдің күйінде,
Сыпсың сөздер көшелерде еседі.
Жанын жалдап жүрген жандар үйінде,
Тұмшалаған маскаларын шешеді.

Көк жәшіктер көлгірсиді кешкілік,
Ойлап тауып түрлі-түрлі уақиға.
Бүр жарғанда жүректерде ескі үміт,
Жұлдыз ғұмыр аттанады бақиға.

Ал мен болсам өлең өріп ақ қардан,

Жантайамын жалғыздықты құшақтап.
Қиялымды әлдилесе тәтті арман,
Сұлатамын суық ойды пышақтап...

Сәлден кейін!
14.01.2020


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері