Сұрақ

Бұл бетте «Сұрақ» атты Манарбек Қыдырбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзегім бір өлеңмен, егіз денем,
Өлеңім ғой өресіз дегізбеген.
Өзімді іздеп жалғаннан, жүзіп келем
Өмір атты алпауыт теңізбенен.

Қайдан келдім? Кіммін мен?
Қайда барам?
Оңашада осындай ойға қалам.
Адам емес, мен мүмкін аң шығармын
Таппай жүрген үйірін тайгалардан.

Пенделерден сескеніп үркіп мүлде,
Құрғататын көз жасын сүртіп түнге.
Балақбаумен байланған тас тұғырға,
Адам емес әлде мен бүркітпін бе?

Қиқу салар жырымен сері күнге,
Қыл арқанмен тұсалған перімін бе?
Айға қарап ұлуды ұмыт қылған,
Адам емес әлде мен бөрімін бе?

Қиялыммен құлаштап шалқар мұңға,
Шалма салдым иіріп тарпаң жырға.
Өр Алтайға арқадан ауып кеткен,
Адам емес әлде мен арқармын ба?

Кім біледі?
28.01.2020


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері