Оралыма

Бұл бетте «Оралыма» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(студент сағынышы)

Өлең болып кеудеме орнаған ең,
Бір жайсыз күй жанымды торлағанмен.
Сен мен үшін артықсың Алматыдан,
Зәулім-зәулім үйлерің болмағанмен.
Сен жайлы ойлар санамды меңдеп алған,
Жайдан-дағы қуатты мендегі арман!
Алматыда бәрі бар не керектің,
Балалығым бірақ та сенде қалған.
Жыр арнаймын мен саған, тыңда, далам!
Қандай ыстық осынау сұлба маған.
Сырын бүгіп сайлар да жатыр әні,
Бала кезде шанамен сырғанаған.
Мен атыңды жадыма түйіп алдым,
Өлең қылып ұсынған сыйымды алғын...
О, Туған жер! Қастерлі топырағыңды,
Сүйіп алғым келеді, сүйіп алғым!
Сырымды айтып іштегі шағынамын,
Өлеңіме ағымнан жарыламын.
Көкірегім жырақта шерге толып,
Мен өзіңді өлердей сағынамын.
Мен өзіңді өлердей жақсы көрем,
Ешкім мұны түсінбес жақсы менен...
Шығам десе шыңдарға бұл сезімді,
Жүрегіне алау қып жақсын өрен!..
Тағдыр жүгін арқама артып сынар,
Бірақ сенде тууым — бар құт шығар...
Менің саған перзенттік махаббатым,
Жердің үлкендігінен артық шығар!
Әлі ояумын жарықты түн өшірмей,
Шабыт пенен сезімнің күресіндей...
Өлең жазсам сен жайлы сөз бітпейді,
Ойлар-дағы қинайды түгесілмей.
Әлі ояумын көңілім алып-ұшып,
Басты себеп ұйқысыз таңым үшін —
Менің саған кіршіксіз махаббатым,
Менің саған шегі жоқ сағынышым!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері