Алматыға

Бұл бетте «Алматыға» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Көктөбеде туған жыр)

Шалқар шабыт сыйлаған жыр - Алматы,
Жастығымның куәсі гүл - Алматы.
Жырақ жүрсем әрдайым сағынатын,
Маған оттан ыстық қой бұл Алматы.
Анау жерде құрбыммен ән салғанмын,
Анау жерде көркіңе тамсанғанмын.
Достарыммен ұйқысыз түнді өткізіп,
Анау жерде ақ таңды қарсы алғанмын.
Жүрегіме сөнбейтін алау жаққан,
Неге елеңдей беремін анау жаққа?!
Сол арумен соңғы рет кездескенмін,
Махаббаттың мекені анау бақта...
Лапылдаған сөнер ме жастағы арман,
Күтіп тұрса тек ашық аспан алдан.
Анау заңғар шыңдарға қарап тұрып,
Жас кеудемде тұтанған асқақ арман.
Жыр маржанын тереңнен теремін мен,
Шашу шашам халқыма өлеңіммен.
Ей, Алматы! Өзімнің биігіме,
Сен сыйлаған жалынмен келемін мен!
Ажарына сүйсініп алап-қырдың,
Бұл мекенді жұмаққа балап тұрмын.
Көктөбеден ойдағы ару қала –
Алматыға ойлана қарап тұрмын...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері